21 ғасырда өртке жалаң қолмен бару масқара! Жұмысшыларды өз көліктерімен жібере салу басшылардың жауапсыздығы. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбай осылай деді.
Ол бес күннен бері өртті ауыздықтай алмаудың себебін айтып, қапыда қаза тапқан орманшылардың өліміне жергілікті билік пен министрліктегілер жауапты екенін айтты, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
«Өрттің тұтанғанына қаншама күн болды? Біз жергілікті жердегі шенеуніктердің, жауапты ведомство басшыларының да нақты әрекетсіздігін көріп отырмыз. Өрт тұтанған кезде, ана жақта біздің өрт сөндірушілер жалаң қол жалынның арасында жүрген кезде, облыс әкімі той тойлап жүрген. Жауапты министрлік өкілдерінің де дер кезінде бармағанын көріп отырмыз. Президентіміз «әрбір шенеунік, әрбір мемлекеттік қызметкер өз деңгейінде жауапкершілік ала білу керек»,- деді. Бірақ аталған жауапкершілікті біздегі ведомство басшыларының және жергілікті жердегі әкім-қаралардың атқармайтынына көз жетіп отыр»,- деді депутат.
Нартай Аралбай «Төтенше жағдайлар министрі орнынан кеткенімен, жауапкершіліктен құтылмайды» деген пікірде. Ол «бейғам, қауіпке қашанда дайын болмай шығатын ведомстволарға түгелдей тексеріс жүргізілу қажет» деп санайды.
«Қазір экология министріне қатысты да сұрақ туындауы қажет деп ойлаймын. Өйткені бұл министрлік тікелей орман шаруашылығына жауапты. Бұдан бөлек, Семей орман шаруашылығы мекемесіне бүгінге дейін қыруар ақшаның бөлінгенін мемлекеттік сатып алу бойынша көріп отырмыз. Оны барлық жерде жариялап жатыр. Ашық қоғам, еститін мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, шенділер халықтың ақшасын жасырып, жеп қаламыз деген ойдан арылу қажет. Бұрынғыдай шенеуніктер өз арасында бюджеттің ақшасын бөліп алып, елге естіртпей отырамыз деген нәрсе әлдеқашан жоғалған. Бірақ, өкінішке орай біздің шенеуніктер, мемлекеттік қызметкерлер әлі де осы дүниені түсінбеген секілді. Мемлекет басшысы шетелге баратын сапарын кейінге қалдырып, қазалы елмен, марқұмдардың отбасы мүшелерімен кездесті. Тіпті кешірім сұраймын деп айтты. Міне, ал шенді шенеуніктердің бірінші күні, бірінші сағаттарда-ақ жасайтын мәселесі осы еді. Олардың орнына Президент баруға мәжбүр болды»,- деді Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
Оның сөзінше, жергілікті жерден-ақ шешілетін мәселелерді жауапты тұлғалар Президентке дейін жеткізіп, қауқарсыздық танытады.
«Біз қазір елдің алдындағы жауапкершілікті, халықтың алдындағы жауапкершіліктен бөлек, төтенше жағдайдың жауапкершілігін де халықаралық саясатпен бірге барлығын Президентіміздің мойнына артып қойдық. Қазір орын алып отырған жағдай тікелей жергілікті басшылардың жауапсыздығы деп ойлаймын. Үлкен жауапсыздық. «Бұл үшін барлығы жауапқа тартылады, жазасын алады»,-деді Мемлекет басшысы. Бұл өте дұрыс. Дәл қазір енді, әрине, өртті сөндіру басты мәселе. Одан кейін салдарын анықтау басты дүние. Бұдан бөлек адамдардың өмірін жалмаған іске, ағаттыққа кім айыпты екенін анықтауымыз керек. Өйткені көріп отырмыз, арнайы құрал- жарақтары нөл. Тіпті орманшылар өздерінің көліктерімен барған, қауқарсыз, қараусыз тұншығып өлген. Масқара емес пе? 21 ғасырда құралсыз бару. Қостанайдағы өрт, Байзақтағы жарылыста да алгоритм нөл болғанын көрдік.
Тікелей жауапты бірнеше министрлік бар, барлығында алгоритм нөл. Қашанда асып- сасып апаттың артынан жүргендері. Министрлікті басқарып отырғандар халықтың ақшасын не үшін алып жатыр?Сондықтан мемлекеттік сатып алу бойынша үлкен тексеріс болу керек. Жауапты министрліктерге қатысты да үлкен тексеріс болу керек және біздегі өрт сөндірушілердің, басқа да азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайына қатысты маңызды сұрақтар туындап жатыр. Соның барлығын шешуіміз керек және өзіне жауапкершілік ала білетін сала мамандары қажет. Өйткені, халықты, елді бұлай ашындыра беруге болмайды», — деді депутат.