Лотерея ойнатып, жеңіл жолмен табыс тапқысы келген әйел жазаға тартылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Әйел Instagram желісінде «Бинго» ойыны түрінде заңсыз онлайн-лотерея ұйымдастырып, сенгіш жазылушылар есебінен тез байып кетуді көздеген.
Ойын шартына сәйкес, тікелей эфир барысында қатысушылар ақша салып, кейін олардың арасынан жеңімпаздар анықталған. Ұтыстар мобильді шоттарға аударылып отырған. Бұл процесс толығымен лицензиясыз, тіркеусіз және мемлекеттік органдардың бақылауынсыз өткен.
Тергеу мәліметінше, заңсыз жолмен алынған табыстың жалпы сомасы 90,6 миллион теңге. Мемлекеттік айыптаушы сотқа айыпталушының кінәсін дәлелдейтін нақты айғақтар, оның ішінде қаржылық аударымдар мен тіркелген тікелей эфир жазбаларын ұсынған.
Әйел заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді, – делінген сот хабарламасында.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай онлайн-лотереялар әлеуметтік желілерде көбейіп келеді. Алайда оларға қатысу тек қаржылық шығындарға ғана емес, ұйымдастырушылар мен қатысушылар үшін де ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.