9 мәрте марапатталған: Жамбыл облысында полиция қызметкерін қарсы жолаққа шыққан жүргізуші қағып өлтірді

Жамбыл облысында полиция қызметкері қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты, деп хабарлайды Qazaq.todayақпараттық порталы.

Қайғылы оқиға 11 ақпанда сағат 19:40-та Алматы-Ташкент тасжолының 203-шақырымында болған.

Volkswagen Passat маркалы көліктің жүргізушісі қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығып, бекітілген аумақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген патрульдік көлікпен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан қызметтік көлікте болған өзге екі полицей әртүрлі дене жарақаттарымен Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.

«Жамбыл облысы ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Үшкемпір Абай Бақытбекұлы 12 ақпанда аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды», — деп жазылған хабарламада.

Полиция аға лейтенанты Абай Үшкемпір ішкі істер органдарында 2017 жылғы 14 желтоқсаннан бері қызмет атқарған. Ол қызмет еткен жылдары ішінде 9 мәрте марапатталған.