«76 млн теңге жымқырған» — Ақтауда мектеп есепшісі ұсталды

Маңғыстау облысында облыс орталығының жалпы білім беретін мектептерінің бірінде 76 млн теңгеден астам бюджет қаражатының жымқырылғаны анықталды, деп хабарлайды Qazaq.today Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Облыстық прокуратура мәліметінше, штаттық кесте мен банктік шоттарды салыстыру барысында 3 жыл бойы өзіне артық соманы есептеген мектептің бас бухгалтерінің тиісті және іс-жүзінде төленген жалақысының арасындағы айырмашылық анықталды.

 

“Аталған факті бойынша прокурорлармен қылмыстық іс қозғалып, тергеу ЭТД-не тапсырылды. Тергеу барысында аталған мектептің есепшісі кінәсін толықтай мойындады”, – делінген хабарламада.

 

Сот үкімімен кінәлі адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ысырап ету) бойынша 5 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмолада мектеп пен балабақша есепшілері 83 млн теңге жымқырған еді.

 

Qazaq.today