Алматы облысында аудандық білім бөлімінің есепшілері 609 млн теңгені жымқырған. Олар қаражатты іс жүзінде жұмыс істемейтін мұғалімдерге «төлеген» деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Мектептегі ұрлық жайлы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серік Орымбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жүргізілген сыртқы талдау барысында 609 млн теңгеден астам қаражат жалақы түрінде аударылған 13 «өлі жан» анықталды. Осы фактілер бойынша 6 бухгалтерге қатысты қылмыстық істер тіркелген. Олардың біреуіне қатысты 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалып, сот үкімі шығарылды. 81 млн теңге шығын толығымен өтелді.
«Сондай-ақ, бухгалтерлер мұғалімдермен келісе отырып, жоғары жалақы төлегені туралы 4 факт бар. Мұндай бұзушылықтардың жалпы сомасы 81 млн теңгені құрайды. Бүгінгі таңда бір факт бойынша бухгалтер мен 4 мұғалім 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 62 млн теңге көлемінде келтірілген залал толығымен өтелді», — деді Серік Орымбетов.
Белгілі болғандай, бұл фактілерге адами фактордың болуы және «Парус-Каз» бен «1С» жүйелерінде қазынашылық базаларымен интеграцияның болмауы себеп.
Агенттіктің ақпаратынша, мемлекеттің қаражатын жымқырғандар Жамбыл облысы мен Іле аудандық білім бөлімдеріне тиесілі.
«Қай мектеп арқылы қаражат ұрланғанын айтпайық. Ақша Жамбыл және Іле аудандық білім бөлімдері арқылы ұрланған. Біздің қызметте басым бағыт алдын алу шараларына беріліп отыр. Бұл дегеніміз – жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою. Басты құрал – өңіріміздің Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы. Картада 6 проблемалық сала айқындалған. Олар: білім беру; денсаулық; жер қатынастары; кәсіпкерлік; жол және инфрақұрылым; жаңа облысты құру салалары.Өткен кезеңде аталған бағыттардың 4-еуі бойынша алдын алу жұмыстары жүргізілді«, — деді ведомствоның баспасөз қызметі.