50 келі гашиш және 700 грамм мефедрон: Алматының полицейлері биылғы жылдың ең ірі есірткі партиясын тәркіледі

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері патрульдік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, күдікті азаматты ұстады. Ер адамнан ірі көлемде есірткі және психотроптық заттар тәркіленді, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Ер адамды жеке тінту барысында ішінде ұнтақ заты бар байламдар табылған. Ал оның тұрғылықты жерін тінту кезінде одан да көп мөлшердегі есірткі, орауыш материалдар, электронды таразылар, шыны колбалар және басқа да құрылғылар табылды. Сот сараптаманың қорытындысына сәйкес тәркіленген зат салмағы 50,2 келіні құрайтын гашиш есірткі заты, сондай-ақ жалпы салмағы 700 грамм болатын мефедронның аналогы.

«Бұл биылғы жылы тәркіленген ең ірі партияның бірі. Алматы полициясы есірткі тарату арналарының жолын кесу бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда. Біз тарату желісін құру әрекетін қадағалап отырамыз. Әрбір дерек бойынша кідіріссіз шаралар қабылданып жатыр», – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігімен тіркелді. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Ірі көлемде есірткі сатумен айналысқан азамат кемі 10 жылға дейін түрме жазасына кесіледі.