«Біреуінен хабар жоқ»: Таиландқа жұмыс іздеп барған бес жігіт құлдыққа болған

Таиландқа жұмыс істеуге барған жерлестеріміз құлдыққа түсіп қалған. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөзінше, төрт жігіт құлдықтан қашып шыққан.

«Соңғы кездері Таиланд пен Мьянма шекарасында орналасқан «Алтын үшбұрыш» деген аумақта Қазақстан азаматтары жұмыс құлдығына түсіп жатыр. Біз қанша ақпарат таратсақ та, баруды қоймай жатыр. Осы жылғы ақпаратқа сәйкес, 5 адам сол жерде қалды. Сәуірдің ортасына таман бір жігіт Таиландтағы консулға хабарласып: «Менің жанымда төрт адам бар, құлдықта отырмыз, көмек керек»,- деп айтқан. Бұл жағдайлар бұрын болғандықтан, консулдың тәжірибесі бар. Консул оларға кеңес берді»,- деді ол.

Смадияровтың айтуынша, компанияның аумағы шекараның жанында, онда кішігірім өзен бар.

«Қазақ жігіттері сол өзенді жүзіп өтіп, Таиландтың шекарасына жетуі керек болған. Бірақ олар қашуларына жарты сағат қалғанда консулға хабарласқан. Консул Бангоктан ол жерге 7-8 сағат көлікпен жетуі керек. Ол, әрине, үлгірмейді. Жігіттер компания аумағынан шыққанда оларды компания өкілдері қуған. Төртеуі жүзіп үлгерген, біреуі жағада қалып қойған. Төртеуін қуып жете алмаған. Олар консулға хабарласқан. Қазір олар Бангокта, 3-4 күнде елге қайтады. Олар Таиландтың миграциялық заңын бұзғаны үшін сотқа тартылды. Депортация жасалады. Елшіліктің араласуымен олар айыппұлдан босатылды»,- деді ол.

Смадияров бір азаматтан бір аптадан бері байланыс жоқ екенін айтты.

«Компанияның қызметшілерімен байланыс орнаттық. Бірақ олар әлі дұрыс жауап бермеді. Компания бір азаматқа 6 млн теңге сұраған. Жігіттер ондай ақша болмаған соң, қашқан. Олар IT компаниясында жұмыс істеуге барған»,- деді Смадияров

Qazaq.today