Грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, марқұм Жақсылық Үшкемпіровтің «5 мың кәсіпкер 5 мың ауылды көтерейік» атты бастамасы қайта жаңғырды. Меценат Талғат Сақан туған жері Абай облысы Үржар ауданының Таскескен ауылын көркейтуге білек сыбана кіріскен. Ол ауылдағы басты мәселенің бірі – ауыз су мәселесін шешу үшін Таскескеннен бөлек, көрші Шолпан, Қарақол ауылдарының су қоймасын жөндеу жұмысын бастады.
Кәсіпкер Таскескенде ауыл қақпасы мен бәйге алаңын ашып, ат шаптырып, той берді. Жиында 10 мың адамның басы қосылып, елдің еңсесін көтеру, бірлігін арттыру және өзге де кәсіпкерлердің назарын ауыл-аймақтардың қордаланып қалған мәселелерін талқылады.
Жомарт азаматтар жиналатыны белгілі болған күні-ақ жергілікті билік өкілдері ауыл ішіндегі бес көшенің жөндеу жұмыстарын жедел қолға алып, республикалық маңызды Үшарал тас жолы, Семей жақтан келетін тағы бірқатар жолды мерзімінен бұрын ашты.
«Ел біздікі, бәрін биліктен күтіп, иек артып отыра бермей, мен-мен деген кәсіпкерлер жұмыла кірісіп, әрқайсымыз өз ауылымыздың кем дегенде бір мәселесін шешуге атсалыссақ деймін», – дейді Талғат Сақан.
Ол алдағы уақытта елге жанашыр кәсіпкерлерді жинап, «Бес мың ауыл – бес мың кәсіпкер: Жақсылықтың аманаты» деген үлкен форум өткізуді жоспарлап отыр. Кәсіпкер бұл форумға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да қатысқанын қалайды.
«Жоба аясында кәсіпкерлерді барынша өз ауылдарын көтеруге ат салысуға шақыру мақсатымен Президентімізге шақырту жіберіп, ол кісінің қатысуымен бизнес форум жасау ниетіміз бар. Оған Айдын Рахымбаев, Бауыржан Оспанов, Иван Сауэр және тағы басқа еліміздің белді де беделді бизнесмендерді, кәсіпкерлерді шақырмақшымыз. Қазақтың 5 мың жігіті болып 5 мың ауылды көтерейік деген бастаманы Парламент депутаттары Нұртай Сабильянов, Дәулет Тұрлыханов ағаларымыз қолдап жатыр. Оған Серікзат Дүйсенғазин, Балғынбек Имашев ағаларымыз да, командам да барынша ат салысамыз деп отыр. Жақсылық ағамыздың кезінде айтқан бұл жүрекжарды арман-тілегі мемлекет тарапынан қолдау тауып, Ұлттық идея деңгейіне көтерілуге лайықты бастама деп білеміз. Оның үстіне қазіргі таңда президентіміздің бастамасымен «Ауыл – Ел бесігі» деген бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл идея жүзеге асырылса, ауылдарымыз гүлденіп, еліміз өркендейді. Бір ауылды бір кәсіпкер көтере алатындығына мысалдар көп. Басқа елдердің тарихында да ондай дәлелдер жеткілікті. Солардың тәжірибесін пайдаланып, барлық ауылды көтерейік», – дейді ол.
Осылайша, Талғат Сақан Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің аманатын ұлттық идея деңгейіне көтеруді көздейді.
Осы ауқымды жоспардың бастамасы ғана болған тойға тек өңір емес, бүкіл республиканың түкпір-түкпірінен қонақтар жиналды. «Ауыл – Ел бесігі» республикалық аламан ақындар айтысы ұйымдастырылып, ат бәйгесі мен балуандар бәсекесі өткізілді.
Айтыста белгілі ақындар Бекарыс Шойбеков, Балғынбек Имашев, Аманжол Әлтаев, Айнұр Тұрсынбаева, Серікзат Дүйсенғазин, Айбек Қалиев, Жандарбек Бұлғақов, Мұқтар Ниязов өнерін көрсетті. Айтыс ақындары ел бірлігі, елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ тақырыптарынан өзге айтулы шараға мұрындық болған ауылдардың мәселесін көтерді. Нәтижесінде ақын Сара Тоқтамысова бас жүлдеге ие болып Q4 Tulpar Auto компаниясының атынан темір ақбозатты тізгіндеп қайтты. Мұндай көлік тағы бір айтыскер ақын Балғынбек Имашевқа да бұйырды. Өзге жүлде иелері де құр қайтқан жоқ, жылқы мініп, сый-сыяпатын арқалап қайтты.
Боз кілемде білекті жігіттер түйе және өгіз балуандарды анықтады. Түйе балуан сыйға көлік мініп, өзге жеңімпаз бен жүлдегерлер ақшалай сыйлыққа ие болды. Аламан, Тай қолтума және Таскескен жүйрігі аталған ат бәйгелерінде де жүйріктердің бәрі автокөлік және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Тұрғындар үшін арнайы ұйымдастырылған концертте Мақпал Жүнісова бастаған әншілер тобы, «Музарт», ұлттық рухты шыңдайтын әндерімен танымал «Алатау серілері» тобы, Қайрат Нұртас сынды эстрада әншілері ауыл тұрғындарынан жиналған 10 мыңға жуық халықтың алдында өнер көрсетті.
«Ақсақалдардың батасын алып, жаңа іске құлшына кіріскелі отырмыз. Біз үшін бастысы – елдің бірлігі. Халық пен билік бір болуы керек. Мәселелерді де бірлесіп шешуі керек», – деді Талғат Сақан.
Айта кетсек, кәсіпкер, меценат Талғат Сақанның Q4 Tulpar Auto компаниясы бүгінде республика бойынша 16 филиалын іске қосып, 350-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. 4 жылда саладағы ірі компаниялардың біріне айналды.
Qazaq.today