«5 млн теңге берешегі бар»: Түркістан облысында 4 жыл бойы алимент төлемеген ер адам сотталды

Түркістан облысында прокурорлық қадағалау актісімен алимент төлеуден қасақана жалтарған борышкерлер қылмыстық жауаптылыққа тартылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен 21 азаматқа қатысты балаларын күтіп-бағуға арналған міндеттемелерін орындамағаны үшін (ҚК 139-бабы) қылмыстық істер тіркелді. Мәселен, соңғы 4 жыл бойы борышкер Ж.Эргашев алимент бойынша міндеттерін орындамай, алимент төлеуден қасақана жалтарып 5 млн қарыз берешек сомасы қалыптасқан. Соттың үкімімен Ж.Эргашев ҚК 139-бабымен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», — делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

Осы секілді 65 млн теңге алимент берешек қарызы қалыптасқан 20 борышкерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта Түркістан облысының аумағында алимент төлеуге міндетті шамамен 19 мың борышкер бар.

Аталған бағыттағы жұмыс облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында.