«5 бала үйінді астында қалған»: Түркістан облысында тұрғын үйде газ баллоны жарылды

Түркістан облысында тұрғын үйде газ баллоны жарылып, адамдар зардап шекті. Жарылыстан үйдің сау тамтығы қалмаған. Үйінді астында 5 бала қалып қойған, деп хабарлайды Qazaq.today. 

Оқыс оқиға кешкі уақытта болған.

«Созақ ауданы, Аққолтық ауылы, Арқабаев көшесі 21 жеке тұрғын үйде тұрмыстық газ балонынан газ-ауа қоспасының жарылысы  орын алып 180 ш.м. тұрғын үй толығымен қираған, өртсіз»,  — деп хабарлады Созақ ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Ақбаев. 

Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін көршілері үйінді астынан термиялық күйік шалған 6 адам, оның ішінде 5 баланы алып шығып ауруханаға жеткізген.

«Жарылыс салдары анықталуда. Сағат 21:40 та қираған үйіндіні ашу жұмыстары барысында 20 ш.м. қираған төбе жаппасының жануы орын алды. Өрт сағат 21:55-те оқшауланып, сағат 23:12-де толық сөндірілді. Оқиға орнынаТЖД өрт-сынақ зертханасы және анықтау бөлімі мен психолог, ТЖД (20 жеке құрам және 5 техника), ТЖД ЖҚЖ (6 жеке құрам, 1 техника және 1 киналогиялық есеп), ДП (10 жеке құрам және 3 техника), ЖАО (7 адам 2 техника), Прокуратура(2 қызметкер 1 техника) шықты», — делінген хабарламада.