«418 млн тг»: Алматыда бизнесмен Алмас Әбдіғаппаровқа сот үкім шығарды

Алматыда аты шулы  кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровқа сот үкім шығарды. Медеу ауданы №2 аудандық сотының үкімімен «Parmigiano Group» иесі Алмас Әбдіғаппаров ұзақ жылға сотталып кетті. Сот үкімімен Әбдіғаппаров өзіне сеніп тапсырылған аса ірі мөлшердегі мүлікті жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол бес жыл қаржы ұйымдарында басшылық лауазымдарды атқара алмайды.

«Сот 2021 жылғы наурызда А.Әбдіғаппаровты Esentai City тұрғын үй кешенінде орналасқан пәтерлер мен тұрғын үйлерді (виллаларды) салу, сатумен айналысатын AV-Construction ЖШС директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары бола тұра әрі серіктестіктің материалдық жауапты және уәкілетті тұлғасы ретінде клиентпен Esentai City тұрғын үй кешенінде орналасқан жер учаскесі бар тұрғын үй (вилла) түріндегі жылжымайтын мүлікті сатып алу үшін алдын ала сату-сатып алу шартын жасаған. Одан әрі осы келісім бойынша сатып алушының өкілі Әбдіғаппаровқа тұрғын үй (вилла) сатып алу үшін екі миллион доллар көлеміндегі соманың бір бөлігін аударған. Ал ол бір миллион долларын ғана компания басшылығына аударып, ақшаның қалған бөлігін заңсыз иемденген», — деді соттың баспасөз қызметі.

Келтірілген материалдық шығын көлемі 418 640 000 теңге. Еске салайық, даулы іс бір жылға жалғасты. 2021 жылдың 27 шілдесінде «Parmigiano Group» басшысы Алмас Әбдіғаппаровтың қамауға алынғаны белгілі болды. Кәсіпкер ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағында (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу немесе ысырап ету) көзделген қылмысты жасады деген күдікпен қамалған еді.

3