34 жыл тәуелсіздікте Кеңес одағының жалған идеологиясынан айырылған жоқпыз — Тарихшы

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Мәскеу бүкіл халықты отан үшін, жеңіс үшін бір адамдай жұмылдыра білді деген бос сөз, теріс ақпарат. Халық соғысқа жаппай өз еріктерімен аттанбаған, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

 

Тарих ғылымдарының докторы Сұлтан Хан Аққұлы Qasqa Jol ютуб арнасына берген сұхбатында, Кеңес Одағының әрекетін қолдамаған мыңдаған атты әскер немістер жағына өтіп кеткенін айтты. Оның сөзінше, жаппай соғысқа халықты жұмылдыру ерікті түрде жүргізілген жоқ. Керісінше, кавказдықтарды соғыстан алшақтатып, Қазақстанның жеріне күштеп аударған.

«Кавказ халықтарын 1940-41 жылдары Қазақстанға жаппай жер аударды. Соғыстың алғашты жылдарында-ақ генерал Власов бастаған Кеңес армиясы түгел неміс жағына өтіп кеткен. Атты казактардың жүз мың әскері өз еркімен неміс жағына шығып кеткен. Жүз мыңдаған казак әскері Кеңес  одағына қарсы соғысты. Халық бір адамдай дүниежүзілік соғысқа өз еріктерімен жұмылды деген өтірік», — деді тарихшы.

Оның сөзінше, сол кезде де ұсақ ұлттарды соғысқа күштеп, түрлі жолдармен жіберу мықтап қолға алынған. Оның ең көп зардабын тартқан, идеологияның кесірінен соғысқа көп барып, қырылып қалған тағыда сол қазақтар. Ал сол Кеңес кезінен бері сес көрсету әлі де тоқтаған жоқ.

«Біз 34 жыл тәуелсіздікте Кеңес одағының жалған идеологиясынан айырылған жоқпыз. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеологиясы әлі қалыптасқан жоқ. Билік басында кеңестік дәуірдің буыны отыр. Қазақстан адымдап дамуы үшін билікке жаңа ұрпақ келу керек. Бір ғана Украина Ресейдің шапқыншылығынан еуропаны қорғап отыр. Украина жеңілетін болса Ресейдің Польшаға, балтық теңізі жағалауы елдеріне басып кіруі ешкімді таңғалдырмас еді.
Бұрын Кеңес одағының құрамында болған елдер Ресейден сескеніп отыр, өйткені Ресей өз саясаткерлерінің аузымен бәрімізге сес көрсетіп отыр. Соңғы жылдардағы Ресей федерациясының Гүржістандағы соғысын алайық, Молдованың жағалауындағы Дестрді бөліп алып қарайық, енді Украинаны қарайық. Екі-үш жылдан бері олардың саясаткерлерінің сөздерін естіп отырмыз ғой. Украинада сәтсіздікке жететін болсақ, келесі құрбанымыз Қазақстан деп ашықтан ашық айтып отыр. Құдай басқа салмасын, бірақ сырттан жау басып кіретін болса, халық аяғынан тік тұрып елді қорғайды дегенге сенбеймін. Мысалы Украинаны алып қарасаңыз, 7-8 млн халқы шетелде қашып жүр. 1 млнға жуығы елін қорғаудан жалтарып жүр», — деді Сұлтан Хан Аққұлы.

Украина соғысында Ресей өз іштеріндегі ұсақ ұлттарды оққа көп жіберіп жатыр. Бұл үрдіс сонау Сталиннің тұсында да қолданған. Алаштанушы тарихшының сөзінше, түркітілдес елдердің жастары босқа құрбан болып жатыр.

«Ресейдің ішіндегі Омбы, Астрахан, Түмен өңірлеріндегі  бурят, чуваш , якут сияқты азын-аулақ халықтың азаматтарын алып кетіп жатыр. Көбінесе Санк-Петербург пен Мәскеуден әскер жасындағы жігіттерді шақыратын болса, халық қарсы шығып, қатты көтеріледі. Сонда Путиннің диктаторлық билігіне зор қатер төнеді. Сондықтан екі қаланың азаматтарына тиіспей отыр. Қазіргі ресей бұрынғы ресей империясы, одан кейінгі Кеңес Одағы аз халықтардың  түрмесі деген атауын толық ақтап отыр. Азын-аулақ халықтарды соғысқа айдап азайтып, ресей бірыңғай орыс мемлекетіне, орыс империясына айналуы тиіс. Қазір байқасақ ресей жағыннан соғысқа аттанып қаза болғандардың ішінде түркітектес аз халықтардың азаматтары өте көп. Екіншіден Орталық Азиядан келген гастрабайтерлерді де босалап соғысқа айдап жатыр», — деді ол.