«31,5 млн»: Абай облысында мемлекеттің қомақты қаражатына салынған дәретхана бұзылып жатыр

Абай облысындағы 31 562 600 теңгеге салынған көше дәретханасы ның төбесі опырылып жатыр. Мемлекеттің қаражатына салынған  дәретхана Абай ауданында орнатылған. Ол Семей қаласынан Қарауылға барар жолда тұр. Алайда қомақты қаражат бөлінген дәретхана әлі жұмыс істемей тұр. Ал нысанды ақпанда қабылдап, ақысын төлеп қойған. Бұл туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дидар Смағұлов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qazaq.today.

Смағұловтың сөзінше, жергілікті шенеуніктер бұл тауарды (санитарлық-гигиеналық торап) «Семей жолдары» ЖШС орындайтын автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарының ішіне кіргізіп жіберген. Ал күтіп ұстау шығындары 1,5 жыл ішінде 2 миллиард теңгеден асып кеткен.

Ішкі мемлекеттік аудит департаменті берген мәліметке қарағанда, дәретхананы 2024 жылдың 16 ақпанындағы №17 акті арқылы Абай облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Асылбек Нұғманов қабылдап алған. Бірақ ол бір ай бұрын қызметін ауыстырған.

Сондай-ақ департамент енді тауарлық сараптама жүргізу керек екенін мәлімдеді, алайда оларда қаражат жоқ. Соған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінен осы дәретханаға назар аударуды сұраған.

Әйтсе де қоғам белсендісі қымбат дәретхана ғимаратының ішіне кірген. Ол үшін күзетшіні шақырып, бірнеше қоңырау шалған. Соңында дәретхананы екі азаматтың кезектеп күзететінін білген.

«Соған қарағанда қымбат дәретханаға арзан құрылыс материалдары қолданылып, жұмыстың өзі қалай болса, солай істелгендей әсер қалдырады. 1 500 шақырым жол жүріп келгенде «лакшери» дәретханадан мұндайды күтпеген едім», — деп жазды Дидар Смағұлов.

Ал нысанға жарық та, су да қосылмаған. Төбесі опырылып, құлап жатыр.Оның сөзінше, мұндай бір ғана емес, екі дәретхана салынған.