Ұлттық компаниялардың акцияларын сатумен айналысатын алаяқтар көбейген. Мемлекетке бағынышты ұлттық компаниялардың акцияларын IPO-ға шығару тек үкіметтің қаулысымен ғана іске асады. Биыл жылдың соңына дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларын сату жоспарланған. Бірақ құнды қағаздардың құны әлі анықталған жоқ, -деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Соған қарамастан жалған брокерлікпен айналысатын алаяқтар көбейген. Тұрғындар құнды қағаздарға инвестиция салу арқылы дивиденд алғысы келгенмен, қаржылық сауаттылықтарының төмендігінен алаяқтарға жем болып жатыр. «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері ұлттық компаниялардың атын жамылып, елді алдауға көшкен алаяқтардан сақтану керек деп мәлімдеді. Алданбаудың ең қарапайым жолы, брокерлер ешқашан адамдарға акцияға инвестор болу туралы айтып, хабарласпайды. Ұлттық компаниялардың акциялары тек KASE және AIX қор нарығында сатылады. Ал адамдардың иелігіндегі құнды қағаздарын сатумен тек арнайы лицензиялары бар брокерлік компаниялар ғана айналысады. Оларға берілген лицензиялар арнайы сайтта орналасқан.
«Жекешелендіру бағдарламасының және портфельдік компаниялардың IPO-ның іске асырылу барысы туралы кеңінен елге түсіндіріп жатырмыз. Өзгені қойып, менің өзімнің жақын таныстарым алаяқтарға алданып, қомақты қаржысынан айырылған. Халықты сақтандыру жолында арнайы кездесулер, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бағалы қағаздар нарығында инвестициялаудың тетіктері мен тәуекелдері туралы тұрғындардың қаржылық сауаты жоғары емес. Бір ай тек ақпараттандыру жұмысымен айналыстық. Республиканың 100 мыңнан астам тұрғынының қатысуымен 120-дан астам кездесу өтті. Біз барлық облыс пен қаланы қамтыдық деуге болады. Басты мақсатымыз, елді алаяқтардан сақтандыру және ұлттық компаниялардың құнды қағаздары арқылы қаржы табудың жолдарын халыққа түсіндіру, — деді «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
IPO шеңберінде жеке тұлғаларға, соның ішінде инвестор болам деген Қазақстан азаматтарына басымдық беріледі. 2025 жылға дейін «Самұрық-Қазына» АҚ қарасты оншақты ірі компанияның акцияларын сатылымға шығару жоспарланған. Жылдың соңына дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акциялары KASE және AIX алаңына орналасады. Ұлттық компанияның 2031 жылға дейінгі жаңартылған стратегиясына сәйкес, компания мұнай өндіруді ұлғайтуды, геологиялық барлау жұмыстары мен мұнай-газ химиясы жобаларын дамыту бағдарламасы бекітілген. Яғни, жекелеген тұлғалар ұлттық компанияның акциясына иелік ету арқылы жоғарыдағы бағдарламаға қатысушы ретінде тұрақты, әрі қомақты пайда таба алады. Құнды қағаздар арқылы баюға батыс елдеріндегі тұрғындардың белсенділігі жоғары. Қазақстанда керісінше, ел тек қолма қол пайдаға қызғады, әрі құнды қағаздармен жұмыс істеудің жолын білмейді. Қазақстанда бұған дейін сатылымға шығарылған ұлттық компаниялардың құнды қағаздарын алуда және KASE-де 400 мыңдай брокерлік есепшот ашылғанмен, іс жүзінде белсендісі 30 мыңдай ғана.
«Казатомпром», «Казпочта» сынды ұлттық компаниялар және олардың еншілес, портфельдік компаниялары 2025 жылға дейін сатылымға шығарылады. 2023-2024 жылы «Air Astana», «KEGOC» АҚ, 2024-2025 жылдары «Самұрық-Энерго» компаниясының жасыл портфельді активтері сатылады және 2025 жылы «Қазақстан темір жолы» IPO-ға шығады. Биыл сатылымға шығатын «ҚазМұнайГаз» АҚ акцияларының 10% жетер жетпесі Ұлттық банкке тиесілі. Қалған 75% пайызын АҚ өзінің құзіретіне қалдырады. Сонда қанша пайыз акцияның жеке тұрғындарға сатылатынын Үкімет анықтайды. 2018 жылы «Казатомпром» АҚ бір акциясы $13 сатылды. Лондон қор биржасында да саудаланғандықтан доллармен сатылды. 2021 жылы бір акцияның құны $35 асып кетті. Сонда бастапқыда акцияны $13 сатып алған адамдар 300% көп пайда көрді. 2018 жылы әрбір акцияға 308 теңгеден дивиденд төленсе, 4 жылдан кейін әрбір ақцияға 836 теңгеден төленді. Еліміздегі Ұлттық компанияларың акциялары жыл сайын өсіп отыр. Әрине құнды қағаздар нарығы мұнайдың құнына, әлемдік геосаяси жағдайларға тікелей байланысты. Бірақ біздегі ұлттық компаниялардың акциялары құнын жоғалтқан жоқ. Сондықтан халықты Ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алуда белсенді болуға шақырар едік. Бұл Үкіметтің ел азаматтарына берген мүмкіндігі», — деді «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры комплаенс қызметінің басшысы Дәурен Ақшалов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл маусым айында «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысында қарапайым азаматтардың IPO-ға қатысу мүмкіндігін кеңейту қажеттігін атап өткен. Пезидент инвестициялық мәдениетті қалыптастыруға мән беруді тапсырды. «Еліміздің қарапайым азаматтарының ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алып, салымдардан өз дивидендтерін алу мүмкіндігі болуы тиіс. Осылайша, халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның бүкіл тұрғындары үшін қолжетімді болуға тиіс. Ал бұл үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер қажет», – деген еді Мемлекет басшысы.
«Брокерлік шот ашпай ақ акцияны сатып алуға болады, алайда оны сату кезінде міндетті түрде брокерлік есепшот ашылады. Брокерлер сатып берген әрбір акциядан 0.02 пайыз ақы алады. Бұл өте тиімді. Адамдар жалған акцияларға алданып қалмас үшін, ресми брокерлермен жұмыс істеген сенімді. Елімізде ресми рұқсат ыбар 51 брокерлік компания тіркелген. Ұлттық компаниялардың құнды қағаздарын сатудағы қазіргі IPO-ның приоритеті Қазақстанның жекелеген адамдарына мүмкіндік беру. Жеке компаниялар, ірі кәсіпкерлер немесе шетелдіктер акцияны аламыз десе де, алдымен жекелеген ел азаматтарының сұранысы орындалады. Барлық өтінімдер жиналып, сараланып, Қазақстан азаматтарының сұраныстары толық жабылғанда ғана шетелдік инвесторлардың акцияны сатып алуына мүмкіндік беріледі. Өтінім біткен соң құнды қағаздарға иелік еткен азаматтарға хабарлама беріледі. Біздің қазіргі жұмысымыз құнды қағаздар туралы елге барынша кеңірек түсіндіру, қаржылық сауатын арттыру және қаптап кеткен алаяқтардан адамдарды арашалау», -деді Ақшалов.
Әдетте IPO-да өтінім қабылдау 3-7 күн аралығына жалғасады. Алайда көптеген қазақстандықтың қаржы нарығына алғаш қадам басқалы отырғанын ескерілгендіктен, өтінім қабылдау уақыты биыл 4 аптаға дейін созылмақ.