«30 миллион теңгеден астам шығын келтірген»: халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық ұсталды

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшілігінің көмегімен бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін Қазақстан азаматын қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Тбилисиден экстрадициялады, – деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

2020 жылы аталған тұлға адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен субсидия алуға көмек көрсету сылтауымен Ұлытау облысының 88 тұрғынының қаражатын иемденіп, жалпы сомасы 30 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

– Екі сыбайласы әртүрлі жазаға тартылды, ал күдікті қылмыс жасағаннан кейін жасырынып жүрген, сондықтан оған халықаралық іздеу жарияланды.

2024 жылы ол Грузия аумағынан табылып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша отанына экстрадицияланды, – делінген ақпаратта.

Қазір күдікті Ақтау қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды.

Оның осы қылмысы үшін мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бас прокуратура азаматтарды алаяқтардың құрбаны болудан сақ болуға шақырады. Өзіңізді және жақындарыңызды қаржылық шығындардан қорғаңыз.