27 күнде 65 адам суға батып көз жұмды – ТЖМ

Елімізде 1 маусымнан бастап суға түсіп қайтыс болғандардың саны 65-ке жеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy-қа сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Көз жұмғандардың 28-і бала. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 110 адам суға тұншығып мерт болған. Оның 40-ы бала екен.

«Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында 68 адам, оның ішінде 15 бала құтқарылды. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, еліміздің су айдындарында жыл басынан бері 110 адам, оның ішінде 40 бала суға батып қайтыс болды. Суға шомылу маусымы басалғалы бері (1 маусымнан бастап) еліміздің су айдындарында 39 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылды», — деп мәлімдеді ҚР ТЖМ.

Ал 1 маусымнан бастап суға түсіп қайтыс болғандардың саны 65-ке жеткен. Оның 28-і бала.

Күні кеше әлеуметтік желіде Қапшағай көлінде баланың жоғалып кеткені туралы видео тарады. Суға кеткен баланы құтқару үшін бір топ ер азамат қол ұстасып, су түбіне қарай бойлаған.

«Отбасымызбен біз де сол жерде демалып жүрдік. Өте қорқынышты болды. Дереу судан шығыңыздар деп айтты. Баланы үш сағат іздеді. Барлық ер азаматтар қол ұстасып баланы іздеуге кеткенде, жағажайдың маңы тып-тыныш болды. Қатты үрейлендік. Барлығы да баланы өліп қалды деп ойлады. Құдайға шүкір, тірі екен…Мен сол маңайда жүрсем де баланың қайда болғанын сол күйі түсінбедім»,- деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.

Ал Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, баланың суға кеткені туралы ешқандай хабарлама түспеген, сәйкесінше іздестіру жұмыстары да жүргізілмеді деді.

«Әкімдік тарапынан қарастырылған жергілікті құтқарушылар бар. Оларға суға кеткен адамды қалай дұрыс іздеу керектігін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары үйреткен. Жергілікті құтқарушылардан білгеніміз 8 жастағы бала судың ішінен емес, жағаның жанынан табылған. Аман-есен»,-деп мәлімдеді Алматы облыстық ТЖД.

Төтеншеліктердің айтуынша, қайғылы жағдайлар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болады. Ата-аналар жабдықталмаған жерлерде шомылып, балаларын қараусыз қалдырып жатады деді. Сондай-ақ, мас күйінде суға түсетіндердің де ажалы осы судан келеді. Су айдынына абайсызда құлап, балық аулау кезінде ережелерді бұзғандардың да суға бату фактісі көптеп тіркеліп жататындығын айтты.

7