Республика күні — еліміздегі жалғыз ұлттық мереке. Егемендік Декларациясы қабылданған айтулы күні еліміздің әрбір тұрғыны тойлап қана қоймай, өз-өзіне есеп беретін күн деп санайды жас ақындар. Олардың сөзінше, бүгінгі бейбіт күнге жетуімізге, кең байтақ жерде тыныш өмір сүріп, мемлекеттің дамуына негіз болған — Егемендік Декларациясы. Айтулы күннің тарихын жастар, мектеп оқушылары жатқа білу керек деп санайды зиялы қауым өкілдері.
«Әрбір адам үшін бұл мереке есеп өзіне беретін күн. «Мен еліме не бердім?» деп ойланатын күн. Тәуелсіздік бізге кең байтақ жерді берді. Тәуелсіздіктің арқасында бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Жұмыс істеймін деген адамға ешкім қой демейді, мүмкіндіктер көп. Оған төзімділікті, қайсарлықты, еңбекқорлықты қоссаңыз кез-келген адамның жолы ашық болатыны анық. Енді «мен еліме не бердім» деген сұрақты өзімізге қойсақ. Әр адам өзінің арманына жұмыс істей жүріп ұлтына қызмет еткісі келеді. Кім болсада өз саласында мықты маман болса соның өзі үлкен олжа, жетістік», -деді Қазақстан Жазушылар одағының, Халықаралық Айтыс Ақындары мен Жыршы-Термешілер одағының мүшесі, ақын Ержан Жұмабекұлы.
Республика күні қарсаңында Алматыда зиялы қауым өкілдерімен, жас ақындармен жер-жерлерде кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Шараның мақсаты, жастардың, оқушылардың патриоттық сезімдерін ояту, күшейту. Кең ауқымдағы кездесудің бірі Алматыдағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында өтті.
«Республика күніне орай кезекті кездесудің бірі «Мен еліме не бердім, елім маған не берді» деген тақырыпта ұйымдастырылды. PhD докторы, ақын, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының, Халықаралық Айтыс Ақындары мен Жыршы-Термешілер одағының мүшесі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ержан Жұмабекұлы мен PhD докторы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Қуаныш Жұмабекұлымен рухани-танымдық кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты оқушыларды отансүйгіштікке баулу және жетістікке жету жолында балалардың шабыттарына қанат бітіру», — деді Алматы қалалық Білім басқармасының баспасөз қызметі.
Жас ақындардың сөзінше, бүгінде тілімен, ділімен, салтымен мақтанатын жастардың саны көп. Кітапқа құмар жастардың саны да артып келеді. Бұл елдің ертеңіне қызмет жасайтын болашақ жастардың аз еместігін білдіреді.
«Бүгін оқушылар өте көп жиналды. Біз оларға шабыт беріп, патриоттық сезімдерін оятқымыз келеді. Рухани жағынан байытуға ат салысу, қолымыздан келетіні осы. Қазіргі жастардың, мектеп оқушыларының патриоттық сезімдері өте жақсы деп айта аламыз. Білім ізденуге жағына келсек, оқушыларды кітап оқымайды деп айта алмаймыз. Біздің әке-шешелеріміз кеңестік кезеңде кітап оқыдым деп айтпайтын. Қазір бір кітап оқыса, бірден оны жар салып жариялайды, мақтанатын деңгейге жеттік. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік проблема десек болады. Ал жастардың арасында бұндай мақтану, даңғойлық жоқ. Кітапқа құмар жастар өте көп, оны көріп, біліп жүрміз», — деді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.