23 мамырда оқу жылы аяқталады

2024-2025 оқу жылының аяқталуына байланысты еліміздің білім беру саласындағы негізгі көрсеткіштер белгілі болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта елімізде 8 мыңнан аса жалпы білім беру мекемесінде шамамен 4 миллион оқушы білім алып жатыр. Биылғы оқу жылының соңында 11-сыныпты 217 мыңнан астам түлек тәмамдайды. Сонымен қатар 364 мыңнан астам оқушы 9-сыныпты бітіріп, ары қарай мектепте оқуын жалғастыру немесе колледжге түсу мүмкіндігін қарастырады. Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтың айтуынша, еліміздің мектептерінде оқу жылы дәстүрлі түрде 34 аптаға созылады. 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы оқу күні – 23 мамыр.

Бұл күні барлық мектепте «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаты өтеді. Ал 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау шарасы 23 немесе 24 мамырда ұйымдастырылады. Бұл күнді әр мектеп өз мүмкіндігіне қарай белгілейді. Мемлекеттік қорытынды емтихандардың да нақты даталары бекітілді. 9-сынып оқушылары үшін емтихан кезеңі 29 мамыр мен 10 маусым аралығын қамтыса, 11-сынып түлектері 30 мамыр мен 16 маусым аралығында сынақ тапсырады. Аттестат тапсыру рәсімі 18-20 маусым күндері өтпек. Министрлік өкілдерінің айтуынша, барлық рәсімдер мектеп қабырғасында, салтанатты түрде ұйымдастырылады.