2025 жылы АҚШ-қа туристер ағымы күрт қысқарған

Дональд Трамп президенттігіне қайта оралғаннан кейін АҚШ-қа кіретін туристік ағымдар күрт төмендеді. Биылғы жылдың наурыз айында шетелдік келушілер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға қысқарды. The Washington Post басылымының мәліметінше, бұл құбылыстың негізгі себебі айқын: шетелдік туристерді тұтқындау және депортациялау жөніндегі хабарламалар, соның ішінде еуропалық туристердің бірнеше апта бойы ұсталып қалуы, шекарадағы тәжірибеден қорқу сезімін туғызды. Сонымен қатар, Трамптың тарифтік саясатынан туындаған халықаралық шиеленіс те жағдайды ушықтырды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлайды.

Туризм жөніндегі халықаралық сауда басқармасының деректеріне сүйене отырып, жаңа ақпараттар ұсынылды. Наурыз айында Батыс Еуропадан келген туристер саны 17 пайызға, Орталық Америкадан – 24 пайызға, Кариб бассейнінен – 26 пайызға қысқарды. Бұл көрсеткіштер Канаданың және Мексиканың мәліметтерін қамтымайтынын атап өту керек. Эксперттердің болжамына сәйкес, егер жағдай өзгермесе, АҚШ туризмінен миллиардтаған доллар табыс жоғалтуы мүмкін. Трамптың екінші мерзімінің басына дейін АҚШ-қа кіретін туризмге сұраныс пандемияға дейінгі деңгейге жақындап қалған еді.

Деректерге қарағанда, Колумбиядан келген туристердің саны 33 пайызға, Германиядан – 28 пайызға, Испаниядан 25 пайызға төмендеді. АҚШ туристік саласы өткен жылы 1,3 триллион доллар табыс әкеліп, 15 миллион жұмыс орнын қамтамасыз етті. Бұған қоса, Трамп әкімшілігі өзінің жаңа президенттік мерзімі ішінде бір миллион заңсыз мигрантты елден шығаруды жоспарлағаны мәлім.