«20% психологиялық соққысы ауыр болды»: Сарапшылар Тоқаевтің шешіміне қатысты пікірін айтты

Бүгін мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесті. Экономист сарапшы Айбар Олжай Тоқаевтің кәсіпкерлермен кездесуінде айтқан сөздеріне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Qazaq.today.

«Бюджеттік кризиске кетейін деп тұрғандықтан батыл шешімге барған үкімет, шегінерге жер қалмағандықтан қылышын қынабынан суырған бизнес, бір демін ішке тартқан халық арасындағы үшбұрыш майданның шешілер түйіні Парламент емес, Ақордадан табылды. Мемлекет басшысы мәселені әбден зерттегені байқалады. Салықты көбейтпесек, бюджет дағдарысы келіп тұр. Салықты үдетіп жіберсек баға қымбаттап, шағын бизнестің айналымдарына зиян келеді.
20% деп Үкімет кейін саудаласуға орын қалдыру үшін тым асыра сілтеп жіберген болатын. Бірақ ол шок сияқты қабылданды және психологиялық соққысы ауыр болды. Осыны ескерген Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені асқан кәсібилікпен барынша жұмсартып берді. Кәсібилік дегенім — тапсырма емес, жеке пікір ретінде келтіріп, аппарат абыройын сақтады және прогрессивті шкала идеясын дән қылып егіп жіберді» дейді сарапшы.
Ал саясаттанушы Асхат Қасенғали: «Негізгі акцентті көбі НДС-ке беріп жатыр, бірақ менің ойымша бұл әлдеқайда ауқымды тақырып сияқты. Бұл әлемдік экономиканың бет алысы және аймақтық экономика туралы кездесу болды деп ойлаймын. Орталық Азия бойынша көшбасшылықты сақтап қалу маңызды екені айтылды. ОА бойынша экономикалық көрсеткіштер тұрғысынан сөзсіз біз алдамыз. Бірақ оны сақтап қалу үшін күресу қажет. Аймақтағы төртеудің үшеуі біздің түркі бауырымыз болса да, барлығымыз да жеке елміз. Демек бәсекелестік бар, демек көшбасшылыққа ұмтылыс үшін күрес бар.

Президент цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту қажеттілігін айтты. Бұл экономика үшін маңызды. Цифрландыру бойынша Қазақстан жақсы позицияда. Оны электронды үкімет дәлелдеп тастаған. Бір ғана мысал: Ресейден қашып келгендер де біздегі цифрландыру деңгейін көріп, таңданған еді. Олар «киіз үйде» тұратын қазақты көреміз деп ойласа керек, бірақ оның орнына банк картасын бір минутта басып жатқан аппараттарды көріп, өздері видео түсіріп кетті. Тик-Токта толып тұр. Цифрландыру дәуірі енді қыза түсті. Маховик енді қатты айнала түседі.
Жақын аралықта жасанды интеллект әлем экономикасын төңкеріп тастайды. Процесс басталды. DeepSeek жақсы мысал бола алады деп ойлаймын. Бір күнде АҚШ экономикасына 1 трлн доллар шығын әкелді. Акциялар құлдырады. Сойқан әә. Енді бұндай жаңалықтарды жиі естиміз, енді бұл тоқтамайды. Көштен қалуға болмайды. Жасанды интеллект тау-кен өндірісін дамыту, пайдалы қазбаларды игеру, ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласында кеңінен қолданыла бастады. Болашақта ЖІӨ өсімінің 30 пайызға жуығы осы ЖИ-мен байланысты болмақ деген болжам бар. ЖИ-і дамыған елдердің экономикасы да тез дамиды» дейді.