Алматының ел бюджетіне қосқан үлесі екі есеге жуық өсті. Алматы Қазақстан бюджеті үшін басты донор. 2023 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша республикалық қазынаға түсімдер 2,14 трлн теңгені құрап, өсім – 46% көбейді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Қала бюджетіне де салым ұлғайтылды. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беру барысында мәлімдеді.
«Қаланың жергілікті бюджетіне түсетін қаржы 29% — ға асыра орындалды және 843 млрд теңгені құрады», — деп атап өтті қала басшысы.
Алматы — ел экономикасына қосқан үлесі бойынша көп жылдан бері көшбасшы. Сонымен қатар аудандардың да салықтық түсім көлемі көбейген. Аудандық әкімдіктерге өкілеттіктерді беру олардың халықпен жұмысының тиімділігін арттырып отыр.
Халықтың мәселелерін сапалы және жедел шешу өкілеттіктер мен жауапкершілікті сауатты бөлу арқылы мүмкін болады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Бюджет кодексіне өзгерістер енгізіліп, азаматтармен өзара іс-қимыл бойынша 15 функция қалалық деңгейден аудандық деңгейге берілді. Мәселен, жолдарды ағымдағы жөндеу, инженерлік желілерді салу және жаңғырту, ХӘОТ санаттарын қолдау мәселелері Алматының 8 аудандық әкімдігінің қарауына өткен.
«Берілетін функцияларды тиімді жүзеге асыру үшін 8 аудан әкімдігінің штат саны 152 бірлікке, оның ішінде 96 қалалық басқармалар есебінен ұлғайтылды», – деді Ерболат Досаев.
Жаңа өкілеттіктерге сәйкес аудан әкімдіктерінің бюджеттері 3 есеге өсіп, 183,3 млрд теңгеге жеткен. Ағымдағы жылдың соңында жаңа функцияларды аудандық деңгейге беру тағыда анықталады.