«46 мектеп»: Алматыдағы мектептердің балалар және спорт алаңдарын толықтай жаңарту қашан аяқталады

Алматы қаласының білім беру мекемелерінде спорт алаңдарын жаңалау жалғасып жатыр, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.  Былтырдың өзінде 15 мектептің спорттық алаңдары модернизациядан өтті. Бұл салауатты өмір салтын қалыптастыру, балалардың спортпен шұғылдануына жақсы жағдай жасау және жалпы олардың дене шынықтырумен қамтылуын арттыру мақсатында жасалады. Бүгінде бюджет есебінен қаланың 46 мектебінде спорт алаңдары түгелдей модернизацияланды. Мәселен, алдыңғы жылы 31 мектепте, 2022 жылы 15 мектепте модернизациялау жүргізілді. Биылғы жылы спорт алаңдарын модернизациялау 19 мектепте жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытқа дейін оның  алтауында жұмыс толықтай аяқталды.

Модернизациялау барысында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, workout-аймақтар жаңадан салынады, жүгіру жолдарының резеңке жабыны, баскетбол қалқандары, волейбол тіректері, футбол қақпалары, гимнастикалық құрылымдар мен орындықтар жаңарды.

«Әрбір спорт алаңы бойынша жеке есептеулер жүргізіліп, эскиздік жобалар әзірленді. Мектеп жанындағы спорт алаңдарының географиялық ерекшеліктері мен техникалық мүмкіндіктері ескерілді. Осылайша, Алматы әкімдігі ҚР Үкіметінің «Денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын бекіту туралы» қаулысын толықтай іске асырмақ», -деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

  Сонымен қатар 33 аула алаңға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қабанбай батыр көшесі, 137 ауласында ойын алаңдары мен заманауи тренажерлер орнатылды. Қарағайлар мен бұталар отырғызылып, жаңа орындықтар қойылды, Қазыбек би көшесі, 85 мекенжайындағы аулада жарық жүйесі жөнделді. Бұл үйде 30 жылдан астам уақыт тұрған аудан тұрғыны Гүлмира Дугашованың айтуынша, олардың ауласы өзгерді.

«Қала орталығында тұрсақ та, аулада бос жер бар еді, жасыл желектер жетіспеді. Қазір әдемі көгал жасалып, жаңа тамаша ойын алаңы пайда болды. Негізі бұл ағымдағы жөндеу, бірақ меніңше, күрделі жөндеуге ұқсайды. Бұл үшін көп рахмет. Адамдар біздің аулаға таң қалады», — деді аудан тұрғыны Гүлмира.

Шагабутдинов көшесі, 171 мекенжайында балаларға арналған жаңа шағын сәулет нысандары орнатылды. Биыл Алмалы ауданында 33 аула жөнделді. Қазір 11 мекенжайда жұмыс жүріп жатыр. Ағымдағы жөндеу барысында жыл соңына дейін 50 аула жаңартылады. Әр ауланың реконструкциясы әртүрлі. Бастысы, тұрғындардың тілегіне басымдық беріледі. Мұның барлығы қала тұрғындарының бос уақытын жайлы өткізуі үшін жасалып отыр.

Алматы қаласында барлығы 3231 аула аумағы бар. Оның 380 ауласында жыл соңына дейін күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталады