«170 млн теңгелік үй»: Қайрат Нұртастың жары өзін алдаған компаниямен соттасып жатыр

Актриса әрі блогер Жұлдыз Әбдукәрімова құрылыс компаниясымен болған сот процестері туралы мәліметпен бөлісті. Ол компания өзіне жеке үй беремін деп уәде етіп, орнына пәтерін алғанын, бірақ уәдесін орындамағанын айтады, деп хабарлайды Qazaq.today.

Жұлдыз Әбдукәрімова алғашқы сот отырысы онлайн режимде өткенін жариялап, апелляциялық шағым бойынша сот барысы жайлы бейнежазба ұсынды.

«Менің апелляциялық шағымым бойынша қалалық сотта алғашқы отырыс өтті. Нәтижесіне көңілім толды деп айту қиын, себебі дәлелдер толық қаралмады. Соған қарамастан, қарсы тарап ешқандай дәлелсіз жалған ақпарат ұсынуға тырысып, сотты шатастырғысы келген сәттер болды», — деп жазды актриса.

Жұлдыз Әбдукәрімованың келісімге келуге дайын болғанына қарамастан, құрылыс компаниясы үйдің толық төленбегенін алға тартуда.

«Олар мені үйдің толық төленбегені туралы мәлімдемелерімен таң қалдырды. Екі жыл бойы мен осы құрылыс компаниясын жарнамаладым. Келісімшарт бойынша барлық сома төленген. Қолымда толық төлем жасалғанын растайтын түбіртектер мен келісімшарттар бар, соның ішінде автотұрақ сатып алу да бар. Ал менің пәтерімнің ақшасы әлі қайтарылған жоқ», — деді Жұлдыз Әбдукәрімова.

Актриса сатып алған үйдің құны шамамен 170 миллион теңге.

Еске сала кетейік, Қайрат Нұртастың жары төрт баласымен үйсіз қалған болатын. Актрисаның айтуынша, құрылыс компаниясының басшысы бір жыл ішінде екі қабатты үй салып беруге уәде берген, ал Жұлдыз өзінің пәтерін компания директорының інісінің атына жазып беруі тиіс болған.