17 жастағы таеквондошы Олимпиада жолдамасын олжалады

[Таеквондошы Батырхан Төлеуғали Қытайдың Тайань қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

Ұлттық құрамадағы ең жас таеквондошы жартылай финалда Сауд Арабиясының спортшысы Әли Мабрук әл-Мабрукты жеңді. Жекпе-жекте есеп 2:0 болып тіркелді.

Оған дейін Батырхан Төлеуғали алғашқы жекпе-жегінде Акшай Худаны (Үндістан) айқын басымдықпен жеңген болатын.

Бұл лицензия – таеквондодан ұлттық құраманың алғашқы жолдамасы.

Олимпиада жолдамасын алған Батырхан Төлеуғали  – жасөспірімдердің әлемдік чемпионатының қола медалисі, 2023 жылғы Қазақстан Спартакиадасының жеңімпазы.