«16 қазақ сыныбы жабылды»: Алматы облысында мұғалімдер Тоқаевтан көмек сұрап, Бектеновке жүгінді

Алматы облысында бір мектептің мұғалімдері түгелдей жұмыссыз қалуы мүмкін. Олар ұжым болып Мемлекет басшысынан көмек сұрады, деп хабарлайды Qazaq.today. 

Айтуларынша мектептегі 35 қазақ сыныбының тек жартысы биыл жабылып қалған. Мұғалімдердің жанайқайын аудандық Білім бөлімінің басшылары дер кезінде тыңдамаған.

«Жалпы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында 9 мектеп бар, мектепке қажеттілік жоқ десе де болады. Молдағұлова мектебінде 947 оқушы болған, қазір 460 бала ғана қалған, біразы тағы да кету үшін құжаттарын сұрап жатыр. Ауданда үш ауысымдық мектептер өте көп, 400-500 орындық мектепте 2000-ға жуық бала оқиды. Автобуспен сандалып оқитын ауылдар да бар, осы жерлерге жаңа мектеп салмай,  Шелекке жаңа мектеп салуы қалай?», — деді аудан тұрғындары.  

Жұмыссыз қаламыз деген мектептің мұғалімдері Президенттен, Үкімет басшысынан көмек сұрады.

«44 жылдық тарихы бар Ә. Молдағұлова атындағы мектептің ұжымына жұмыссыз қалу қауіпі төніп тұр. Мектеп жанынан жаңадан Әбдуәли Қайдар атындағы мектептің ашылуына байланысты сыныптар жабылуда. Осында еңбек етіп отырған 85-ке жуық мұғалімге жұмыссыз қалу қауіпі туды. Осы сұрақты шұғыл түрде қарап, шешулеріңізді талап етеміз», — деді мұғалімдер.

Олардың сөзінше, былтырғы оқу жылында 35 қазақ сыныбы болса, биыл олардың саны елу пайызға дейін  бірақ қысқарған.

«3 қыркүйектегі жағдай бойынша қазақ тілінде білім алатын сыныптардың саны 17-ғана. 2023-2024 жылы мектепте 89 мұғалім болса, оның төртеуі бала күтімінде. Биылғы оқу жылында олардың елу пайызы жұмыссыз қалмақ. Талабымыз, мұғалімдердің сағат саны сақталсын. Оқушыларды басқа мектепке шұғыл түрде қабылдауын тоқтатсын немесе жаңа мектепке бізді бүкіл ұжыммен көшірсін. Өгіз өлмейтіндей, арба сынбайтындай таразының басын теңестіруді сұраймыз», — деген ұжымдық үндеулерінде ұстаздар.

Олардың сөзінше, ұстаздар қазақ сыныбын көбейту үшін ұзақ жыл еңбек еткен. Енді сол еңбекті аудандық білім бөлімі жоқ қылмақ.

Білім бөлімінің басшысы, облыс басшыларын бүгінгі күнге дейін Ә.Молдағұлова атындағы орта мектептен 279 оқушы мен 12 мұғалімнің жаңа мектепке ауысқанын және мұғалімдердің жұмыс уақытының қысқару қаупі жоқ деп сендірді.

«Бүгінгі таңда Ә.Молдағұлова атындағы орта мектепте 543 оқушы білім алуда. Алдағы уақытта да, аталған мектептің оқушылары жаңа мектепке ауысқан жағдайда, мұғалімдер жұмыспен қамтылатын болады. Қазіргі уақытта мектептегі оқу үрдісі бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде», — деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.