«16 млн теңге»: Жамбыл облысында бюджет қаражатын жымқырған спорт мектебінің басшылары сотталып кетті

Жамбыл обылсында бюджеттің қаражатын жымқырған спорт мектебінің басшылары сотталды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.  Облыстық прокуратураның мәліметінше, мемлекеттік қызметшілердің қылмыстық әрекеттері жастар арасында спортты дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жұмсау заңдылығын тексеру нәтижесінде әшкереленді. Шенеуніктер бюджет қаржысын жеткізілмеген тауарлар мен көрсетілмеген қызметтер үшін аудару арқылы жымқырғаны анықталды.

 

“Яғни, 29.02.2020 жылы №16 Спорт мектебі макеттер жасау және металл құрылғыларын дайындау үшін жалпы құны 2 млн теңгеден асатын соманы жеткізушіге төлеген, алайда соңғы аталған жұмыстарды мүлдем орындамай, бюджет қаражатын №16 Спорт мектебінің лауазымды тұлғаларының өтініштері бойынша қолма-қол ақшаға айландырған және өзінің қызметі үшін жалпы соммадан 10% алып отырған. Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 16 млн теңгеден астам соманы құрады”, – делінген хабарламада.

 

Іс ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен СДТТБТ-не тіркеліп, облыс прокуратураның сотқа дейінгі тергеу басқармасы тергеу жүргізді. Тергеп-тексеру нәтижесінде 7 адамға қатысты қылмыстық іс сотқа мәні бойынша қарау үшін жіберілді.

“3 қарашада Меркі аудандық сотының үкімімен №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры мен бұрынғы директоры, бас есепші мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3,5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға және 4 көмектесуші мемлекеттік қызмет атқару құқығынан 10 жылға айыра отырып 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға сотталды”, – деп мәлім етті прокуратура.

 

Қылмыстық іс бойынша 6,7 млн теңге келтірілген шығын өтелгені хабарланды.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қаржылық мониторинг агенттігі спортты дамытуға бөлінген қаржының ұрлануына бойынша жалпы сомасы 269,3 млн теңге залалы бар 21 іс тергеліп жатқанын мәлімдеген.