Танымал блогер Елдос Кәдірханов анасы туралы айтып, көзіне жас алды. Ол анасының өміріндегі қиын сәттерді «Taboo» бағдарламасында бөлісті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«Бір кездері анам 11 мың теңге несиесін төлей алмай, жақындарымыздың көмегіне жүгінетін. Әкем болса ғой деп армандаған күндер өтті. Қатарластарым әдемі киініп жүргенде мен де сондай киінгім келетін. Сол үшін 8-сыныптан бастап жұмыс істедім. Қандай жұмыс болса да істей бердік. 1 қыркүйекке жаңа киім алу үшін еңбек ететін едік. Тіпті егінге шыққан күндеріміз де болды. Бізде қазіргі балалардай еркін балалық шақ болмады. Інім екеуміз бір-бірімізге сүйеніп өстік. Ол әлі күнге дейін маған ‘Сіз’ деп сөйлейді. Анам солай үйреткен,» – деді блогер.
Елдос, сонымен қатар, анасының немерелері үшін әлі де алаңдайтынын жасырмады.
«Інімнің ұлы Омар дүниеге жүрегіндегі ақаумен келді. Бір сәтке дем алмай қалған еді. Бәріміз қатты қорқып кеттік. Ештеңе істей алмайсың. Дәрігерлер шұғыл көмек көрсетіп, аман алып қалды. Кейін қарындасым Дамеля дүниеге келді. Ол 10 күн болғанда ота жасалды, бірақ нәтиже бермей, тағы да өсу керек деген диагноз қойылды. 10 айлығында Ресейге барып, толық емделіп қайтты. Анам сол кезде қатты жылап: ‘Мені алшы, балаларымды қинама’ деп, өзін қоярға жер таппадым,» – деді Елдос.