Израиль Қорғаныс Армиясы ресми хабарлама жасап, бірнеше айға созылған Иранның шабуылдарына жауап ретінде әскери нысандарға дәл соққылар жасағанын мәлімдеді. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрінің шабуыл кезінде Тель-Авивтегі штабта түскен суреті жарияланды. Ресми ақпаратты Израильдің мемлекеттік Kan телерадиокомпаниясы да растады.
ЦАХАЛ баспасөз хатшысы Даниэль Хагари арнайы бейнежазбада Израиль авиациясының Ирандағы әскери нысандарға соққы жасағанын және оқиғалар туралы қоғамды үнемі хабардар етіп отыратынын айтты. Sky News Arabia арнасы шабуыл нысандарының бірі баллистикалық зымырандарды ұшыру базасы болғанын хабарлады. Шабуыл тек әскери нысандарға жасалғаны, ядролық және мұнай инфрақұрылымдарына тиіспегені айтылды.
Jerusalem Post дерегінше, шабуылға 100-ден астам ұшақ, соның ішінде заманауи F-35 ұшағы да қатысқан.
Иран ақпарат агенттіктері Тегеранда бірнеше жарылыстың болғанын хабарлады. Израильдің 12-ші телеарнасы шабуылдың екінші толқыны Шираз қаласына және оның маңайына бағытталғанын айтты. Иран армиясының басшылығы көптеген шабуылға қарсы тұрып, әуе соққыларын сәтті тойтарғандарын, барлық жау ұшақтары атып түсірілгенін жария етті.
Еске салайық, бұл шабуыл 1 қазанда Иран тарапынан Израильге жасалған соққыларға жауап ретінде жасалды. Сол уақыттан бері аймақта Израиль армиясының жауабын күтті. Иран билігі бастапқыда кез келген қарсы шабуыл одан да үлкен салдарға әкелетінін ескерткен еді.
“Иран бүгін түнде үлкен қате жасады және оның орнын толтырады. Иран режимі біздің мықтылығымызды түсінбеген. Біз белгілеген ережені ұстанамыз: кім бізге шабуыл жасаса, біз оған шабуыл жасаймыз”, – деді Нетаньяху.