2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздегі мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпараттық агенттігі.
Фото: inbusiness.kz
Министрдің айтуынша, бұл өзгеріс балалардың денсаулығын сақтау және жақсарту мақсатында қолға алынып отыр.
«Мемлекет басшысы мектептерде тегін берілетін тағам сапасын арттыруды тапсырды. Біз оқушыларды сапасыз, арзан өнімдермен тамақтандыра алмаймыз. Балалардың тамақтануы халықаралық стандарттарға сай болуы керек – бұл жас ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер етеді», – деді Ақмарал Әлназарова.
Жаңа стандарт неге қажет болды?
Соңғы жылдары елімізде балалар арасында мынадай денсаулық мәселелері жиілеп кеткен:
• семіздік,
• ІІ типті қант диабеті,
• жүрек-қан тамырлары аурулары,
• тісжегі,
• аллергия.
Мұның негізгі себептерінің бірі – теңгерімсіз және зиянды тамақтану.
Жаңа стандарт не береді?
Сарапшылардың болжамынша, мектептерде жаңа стандартты қатаң сақтау арқылы:
• семіздік деңгейі 10-15%-ға,
• ІІ типті қант диабеті 10-20%-ға,
• артериялық гипертензия 8-18%-ға,
• басқа да созылмалы аурулар 5-15%-ға төмендейді.
Сонымен қатар, балалардың зейіні мен оқу үлгерімі де жақсарады.
Бақылау күшейеді
Министрлік Оқу-ағарту министрлігімен және халықаралық сарапшылармен бірлесіп, жаңа стандартты ғылыми деректер мен ұсынымдар негізінде әзірлеген. Сонымен қатар, мектеп асханаларындағы санитариялық талаптардың орындалуына бақылау күшейеді:
• Тексерістер алдын ала ескертусіз жүргізіледі;
• Асханаларда тұрақты мониторинг жүргізу жүйесі енгізіледі.
«Бұл қадам – балаларымыздың денсаулығы үшін. Барлық білім беру ұйымдарын жаңа талаптарды адал әрі жауапкершілікпен орындауға шақырамыз», – деді министр.