1 маусымнан бастап қандай жаңалықтар күтіп тұр?

Жаздың алғашқы күнімен бірге елімізде бірқатар маңызды өзгерістер мен жаңалықтар орын алады. Qazaq Today ақпараттық порталының шолуына сүйене отырып, маусым айындағы басты жаңалықтармен танысыңыз.

1 маусым – Балаларды қорғау күні

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде кеңінен аталып өтеді. Бұл күні бала құқықтарын сақтау, олардың денсаулығын қорғау және өмір сүру сапасын арттыру мәселелері басты назарда болады. Елімізде түрлі мәдени-көпшілік шаралар өтіп, бүлдіршіндерге арналған мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады.

Құрбан айт – маусым айының маңызды діни мерекесі

Биыл Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталып, 8 маусымға дейін жалғасады. 6 маусым – жұма күні – ресми демалыс болып белгіленген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мереке күндері айдың тууына байланысты өзгеруі мүмкін екенін ескертеді.

Шариғат бойынша, Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы бар мұсылмандарға құрбандық шалу – парыз.

Маусымда қанша күн демалыс болады?

Құрбан айт мерекесіне байланысты қазақстандықтар үш күн қатарынан демалады:

5 күндік жұмыс аптасы үшін:

  • 6 маусым (жұма) – Құрбан айт
  • 7 маусым (сенбі)
  • 8 маусым (жексенбі)

6 күндік жұмыс аптасы үшін:

  • 6 маусым – демалыс
  • 7 маусым – жұмыс күні
  • 8 маусым – демалыс

Маусым айындағы басқа демалыс күндері: 1, 14-15, 21-22, 28-29 маусым.

Осылайша, барлығы 10 күн демалыс болады.

Мектептерде емтихан уақыты

2024-2025 оқу жылын елімізде 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтады. Қорытынды емтихандар 29 мамыр мен 16 маусым аралығында өтеді, ал аттестат тапсыру рәсімдері 18-20 маусым аралығында ұйымдастырылады.

Жүк көліктеріне уақытша шектеу қойылады

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы маусымнан бастап ауа температурасының көтерілуіне байланысты республикалық жолдарда ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеулер енгізілетінін хабарлады.

Оңтүстік және батыс өңірлерде:

* 1 маусымнан 31 тамызға дейін, сағат 10:00-22:00 аралығында Солтүстік және шығыс өңірлерде:

* 1 маусымнан 15 тамызға дейін, сағат 11:00-21:00 аралығында

Бұл шектеу +25°C-тан жоғары температура кезінде жол жабындысын қорғау мақсатында енгізіледі.

Мұғалімдерге арналған байқау басталды

1 маусымнан бастап ұстаздар «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2025» байқауына өтініш бере алады. Биылғы байқау ережесіне өзгеріс енгізілді: өңірлік кезеңге қатысу үшін бейнематериал тапсыру міндетті емес, ең алдымен педагог өз идеясын жазбаша түрде сипаттап беруі қажет. Ал республикалық кезеңге өткеннен кейін бейнематериал әзірленуі тиіс.

Жаңа Су кодексі күшіне енеді

Президент қол қойған жаңа Су кодексі 10 маусымнан бастап ресми түрде іске қосылады. Бұл құжат су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу саясатын ілгерілету және балама су көздерін (жаңбыр, қар суы, тұщытылған су) қолдану мәселелерін қамтиды.

Электр тарифтері өседі

1 маусымнан бастап электр энергиясы тарифтері қайта қаралмақ:

  • Жеке тұлғалар үшін – 29,52 теңге/кВт
  • Коммерциялық нысандар – 38,66 теңге/кВт
  • Бюджеттік ұйымдар – 111,72 теңге/кВт

Дифференциалды тарифтер де өзгереді.

Алматыда тұтынушылардың 1,2 млрд теңге берешегі бар екені айтылды.

Алакөлге қатынау қолжетімді болады

Алакөл бағытына биыл 13 теміржол маршруты қатынайды. Оның төртеуі – тұрақты, ал қалған тоғызы – маусымдық бағыт. Пойыздар Астана, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Өскемен секілді қалалардан жүреді.

SCAT әуе компаниясы

1 маусымнан бастап Астана және Алматыдан Үржарға субсидияланған рейстерді іске қосады. Аптасына 6 рет орындалады.

QR немесе телефон арқылы ақша аудару жеңілдейді

Маусым айынан бастап бірнеше банктің клиенттері телефон нөмірі арқылы банкаралық аударым жасай алады. Бұл қызметті алғашқы болып Halyk Bank, Freedom Bank, RBK, Altyn Bank және Home Credit Bank ұсынбақ. Жүйеге басқа банктер де біртіндеп қосылады.

Air Arabia Kazakhstan нарығына кірмек

1 маусымнан бастап Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі Air Arabia Abu Dhabi әуе компаниясы Қазақстанда қызметін бастайды. Абу-Даби – Алматы бағытында аптасына үш мәрте ұшулар жоспарланған.

Сондай-ақ 4 маусымнан бастап Air Astana компаниясы Алматы – Дананг (Вьетнам) бағыты бойынша тікелей рейстер ашады.

Ұшулар сәрсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылады. Ең арзан билет бағасы – 360 701 теңге.

Смартфондарды тегін тіркеу мерзімі ұзартылды

Жеке тұлғалар өз құрылғыларын 25 маусымға дейін тегін верификациялай алады. Бұл шара ұрланған және қалпына келтірілген смартфондардың заңсыз айналымына тосқауыл қою үшін қабылданған. Тіркеу eGov Mobile қосымшасы арқылы жүзеге асады. Бір адам тек екі құрылғыны ғана тіркей алады.