Айлықты цифрлы теңгемен алған тиімді — банк омбудсмені

15 қараша – Ұлттық валюта күні қарсаңында Алматыда қаржыгерлер ауқымды жиын өткізді. Төл теңгенің құрметіне банкноталар мен монеталар көрмесі де өтті. Ұлттық  валютаның айналымға енгеніне 31 жыл толды. Осы аралықта түрлі монеталар шықты. Санаулы  монеталардың құны да еселеп өскен. Мәселен, бүгінде жоғары сұранысқа ие «Сақ стилі» деп аталатын жаңа серия да айналымға шықты. Көшпенділер мәдениетінен сыр шертетін «Сақ стилі» сериясы бұған дейін айналымға шықса, форум барысында Ұлттық банк «Үкі» монетасын таныстырды. Күміс, алтын монеталарға елімізде ғана емес, шетелдіктердің де қызығушылығы жоғары.

Дегенмен, төл теңгеміз 31 жылдың ішінде долларға шаққанда 100 есе құнсызданған.

«1993 жылы теңгеміз алғаш айналымға шықса, сол аралықтан бері теңгеміз көптеген қиындықтардан өтті. Бүгінгі күні біздің теңгеміз жаңа деңгейге шығып жатыр. Ол цифрлық теңге, сандық жүйеге ауысуы. Оның басты ерекшелігі, қазақстандықтарға жаңа мүмкіндіктер беріп жатыр. Цифрлық айналым 2025 жылы қолданысқа енгізіледі деп санаймын. Әрине, біздің ақша әлемнің көптеген елдерінің валютасымен салыстырғанда жоғары қатарда  емес. Менің ойымша, ол деңгейге де жетеміз. Цифрлық жүйеге ауысуда техникалық қиыншылықтар болмайды деп ойлаймын. Айлықты да цифрлық теңгемен алатын болсақ, бұл өзімізге жақсы болады. Әрине, мобильдік қосымшалар арқылы да көп мүмкіндігіміз бар ғой. Цифрлық теңгенің мүмкіндіктері одан да көп. Ұлттық банк төрағасы айтқандай, цифрлық теңгені кюар арқылы сыйлауға да болады. Басқа да қаржылық құралдарға ауыстыруға да мүмкіндік болады. Қазіргі механизм арқылы емес, тікелей ауыстыруға, сатып алуға мүмкіндік береді», — деді банк омбудсмені, профессор Дархан Нұрпейісов.

Цифрлық теңге (ЦТ) — бұл Ұлттық банкі шығаратын цифрлық валюта. Цифрлық ақша электронды түрде де болады: ол блокчейн технологиясымен жасалған арнайы кодқа ұқсайды. 2021 жылы Ұлттық банк қаржы нарығының қатысушыларымен, сарапшылар қауымдастығымен және халықаралық серіктестермен тығыз байланыс орнатып, «Цифрлық теңгенің» пилоттық жобасын жүзеге асырған. 2022 жылы Ұлттық Банк цифрлық теңгені енгізу мүмкіндігінің пайдасы мен шығындарын зерттеуді жалғастырды. Платформаның технологиялық функционалдығын кеңейту және сандық экономикалық зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Банк омбудсмені доллар бағамына жөнінде де болжамын білдірді. Оның сөзінше құны құлдырап бара жатқан теңгеге Ұлттық банк қалайда интервенция жасайды.

«Неше түрлі болжамдар бар. Мәселен, келесі жылы бюджет жоспарлаған кезде курс 470 теңге деп бекітілген. Бірақ халықаралық жағдайда өзгерістер болса, ол 500 теңгеден асып кетуі мүмкін. 515-520 теңгеге (бір доллар) деген болжамдар бар», — дейді банк омбудсмені. 

Қазір доллар бағамы сату-сатып алу жағдайына қарай 493-496 теңгені құрап отыр.

Теңге бағамы Қазақстан қор биржасындағы алып-сату нәтижесінде белгілі болады. Теңгені басып шығаратын Ұлттық Банк оның бағамын таргеттеу, яғни реттеу режимінен кетіп, қазір тек инфляцияны таргеттеу (белгілі-бір шек аясында ұстап тұру) режимімен айналысады.

Фото: ашық дереккөзден

122