1 қазаннан бастап қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?

Қазанда Қазақстанда бірнеше маңызды өзгеріс орын алады. Qazaq.today тілшісі қазан айындағы негізгі жаңалықтарды шолып шықты.

АЭС құрылысына қатысты референдум

2024 жылдың 6 қазанында Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты референдум өтеді. Орталық референдум комиссиясының мәліметіне сәйкес, дауыс беруге 12 миллионнан астам азамат қатысады.

Пойыз билеттерінің қымбаттауы

1 қазаннан бастап пойыз билеттерінің бағасы 20%-ға өседі. Қазақстанда 140 бағыт бойынша пойыздар жүреді, солардың 62-інде тарифтер көтеріледі. Стандарт вагондар үшін билет бағасы 6300 теңгеден 7500 теңгеге дейін өссе, тальго пойыздарының билет бағасы 10 мың теңгеден 12 мың теңгеге дейін қымбаттайды.

Бизнесті қолдау ережелері

4 қазаннан бастап бизнесті қолдауға арналған жаңа мемлекеттік ережелер күшіне енеді. Бұл ережелер Үкіметтің 17 қыркүйекте қабылдаған қаулысымен бекітілді.

Дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру

Қазан айынан бастап медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бұл жаңа ереже денсаулық сақтау министрінің 24 шілдедегі бұйрығымен бекітілген.

Қазан айындағы демалыс күндері

2024 жылы Республика күні 25 қазанға тура келеді. Бес күндік жұмыс аптасы бар азаматтар 25, 26, 27 қазан күндері демалады. Алты күндік жұмыс аптасы барлар 25 қазанда демалыста болып, 26 қазанда жұмысқа шығады.

Қазандағы ауа райы

Синоптиктердің болжамына сәйкес, қазан айында ауа температурасы өткен жылдарға қарағанда төмен болады. Еліміздің көптеген өңірлерінде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады, ал оңтүстік-батыс және орталық аймақтарда жауын-шашын азаяды.

Алматыдан Лондонға тікелей рейс

4 қазаннан бастап Алматыдан Лондонға тікелей әуе рейстері ашылады. Жол жүру уақыты 1,5 сағатқа қысқарып, 9 сағат 35 минутты құрайды.

44